Сурдлимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Токиода Қазақстан намысын қорғайды

Сурдлимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Токиода Қазақстан намысын қорғайды

08.10.2025 05:46 Новости

Қазақстанның ең атақты сурдо балуандарының бірі Қайратхаан Шонқу 2025 жылғы 15–26 қараша аралығында Токиода (Жапония) өтетін XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарына қатысады.

2022 жылы Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өткен Сурдлимпиадада Қайратхаан Шонқу бірден екі алтын медаль жеңіп алып, тарихи жетістікке жетті. Ол еркін күрес пен грек-рим күресі бойынша, абсолютті салмақта қарсыластарынан басым түсіп, қос алтын иегері атанды.

Бұл Қазақстан спортындағы айтулы оқиға. Бұған дейін елімізден бірде-бір спортшы Сурдлимпиада ойындарында екі түрлі күрес түрінен қатар алтын жүлде жеңіп алмаған.

Биыл Қайратхаан тағы да сол биікті бағындыруға бел буып отыр. Оның мақсаты – өткен жетістігін қайталап, Қазақстан қоржынына тағы екі алтын қосу.

Қайратхаан Шонқу: «Менің басты мақсатым – елімнің атын абыроймен шығару. Бұл жолы да елге екі алтын сыйлау үшін бар күшімді саламын».

XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарында Қазақстан намысын сегіз спорт түрі бойынша 79 сурдо спортшы қорғайды.