"Миы шайқалып, ауруханада жатыр": Алматыда балабақша тәрбиеленушілері қатарластарын соққыға жаққан

23.02.2024 16:26 Тема

Алматыда №51 бөбекжай-балабақшасында тәрбиеленушілердің қатарластарын ұрып-соққан сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz -ке сілтеме жасап хабарлайды.

Кадрлардан баланы қатарластарының еденге құлатып, жұдырықпен ұрып, тепкілегенін байқауға болады. Зардап шеккен баланың ата-анасының айтуынша, жантүршігерлік оқиға 21 ақпанда болған.

"Ұлымызды балалар аяусыз соққыға жыққан. Оны ұрып-соғу шамамен бес минутқа созылған. Балалар ол кезде тәрбиешінің қарауынсыз қалған. Ұлым қазір миы шайқалып ауруханада жатыр. Балалардың қатыгездігіне шек жоқ. Оларға ата-анасы осындай тәрбие берді ме? Видеоны көргелі бері есімізді жия алмай жүрміз. Ал тәрбиеші ұлымыздың соққыға жығылғанын бірден байқамаған. Кейіннен ол балаңыз өзін-өзі ұрған деп айтты", — деді баланың ата-анасы.

Ата-ана мұндай оқиғалардың бұл балабақшада бұрын да болғанын айтты. Ал Алматы қаласының білім басқармасының хабарлауынша, оқиға түскі ас кезінде болғандықтан балабақша тәрбиеленушілердің бұл әрекетін байқамай қалған.

"№51 бөбекжай-балабақшасында болған оқиға бойынша, алынған түсіндірмеге сәйкес, тәрбиеші осы сәтте балаларға түскі ас алған басқа бөлмеде болғанын хабарлайды. Сондықтан балабақша тәрбиеленушілерінің мінез-құлқын бақылай алмады. Балабақша әкімшілігінің бұйрығымен бұзушылықтар үшін тәрбиешіге қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданылды. Бақылауды әлсіреткені үшін балабақша меңгерушісі де тәртіптік жазаға тартылды", — делінген хабарламада.